Энергия үнемдеуді ілгерілету жастардың қолында Парламенттік тыңдауда халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің бүгіні мен болашағы туралы мәселе талқыланды Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық субъектілері арасында жаңа технологиялар қалай ілгерілеуде? Көп пәтерлі тұрғын үйдің меншік иелері үшін үйді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы бойынша жөндету несімен пайдалы? Жарналар жөнінде…
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымдарын жаңғырту өзіндік пайдалану шығындарын төмендетумен және ресурс сақтаушы технологиялар енгізумен қоса жүруге тиіс.
 

Энергия үнемдеуді ілгерілету жастардың қолында

Халқымызда «Жас келсе іске…!» деген аталы сөз бар. Бұл қайбір ел болмасын, оның өсіп-өркендеуі мен алға қойған мақсаттарына жетуі үшін ең алдымен жастардың білек сыбана қызмет етуі қажет екендігін меңзеп тұр. Демек, сан ғасырлар бойы ұлттық ұстанымына берік Қазақ елінің өркендеуі үшін де жастардың қосар үлесі қомақты. Енді, жастардың ел өміріндегі орнына қатысты пәлсапалық тұжырымды өз саламызға қатысты тарқатып көрелік.

Өткен 2011 жылдың 30 сәуірінде ел Үкіметі Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасын қабылдады. Бағдарламаның негізгі ұстанымы оның атауында айшықталғанындай, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту болып табылады. Бұл ретте, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының ел экономикасының ең ауқымды құрамдас бөліктерінің бірі екендігін, сондықтан бір тақырыптың аясында саланың барлық мәселелелерін қаузап шығу мүмкін еместігін атап өту қажет. Сан қырлы саланың бүгінгі мақаламызға арқауы – энергия үнемдеу саясатын насихаттау.

Табиғатта, энергия көздерінің сарқылатын және сарқылмайтын түрлері болатындығы жаратылыстану ғылымдарынан орта мектептік білімі бар адамдар үшін белгілі нәрсе. Энергияның сарқылатын түрлерінің басым көпшілігі бүкіл әлем бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында кеңінен қолданылады. XXI ғасыр өзінің ғылыми-техникалық жетістіктерімен қоса, энергия көздеріне деген алапат сұранысымен де табалдырық аттады. Табиғаттағы қоры күн санап кеміп бара жатқан энергия түрлеріне алаңдаушылық білдірген әлем елдері бүгінде бұл мәселені халықаралық деңгейде қарастырып, алғашқы орынға  шығарып отыр. Бұл игі үрдістен еліміз де шет қалмақ емес. Мұның жарқын дәлелі 2012 жылдың 13 қаңтарында «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Заңның негізгі мақсаты ел экономикасының барлық салаларында энергия үнемдеуге жұмыс жасау болса, бұл игілікті істі халық арасында кеңінен насихаттау заман талабы деп есептейміз.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің бастамасымен қолға алынып, бекітілген Қазақстан Республикасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасын да іске асырудағы негізгі мақсат та энергия-ресурс үнемдеуге қол жеткізу.

Шынын айту керек, XX ғасырдағы еліміз басынан өткізген қоғамдық-экономикалық формация, азаматтардың санасында да өз ізін қалдырды. Бағдарламаны әзірлеу барысында жан-жақты зерделеу жүргізген мамандар батыс елдерімен салыстырғанда біздің азаматтарда энергия үнемдеу деңгейі біршама төмен екендігін айтып отыр. Сондықтан еліміз бойынша халық арасында, соның ішінде өскелең ұрпаққа энергия көздерін үнемдеуді, ұқыптылықпен, ысырапсыз пайдалануды насихаттау кезек күттірмейтін мәселе.

Энергия үнемдеу саясатын қалың бұқараға кеңінен насихаттау жұмыстарына ел Үкіметі қомақты қаржы да қарастырып отыр. Бюджет қаражатын пайдалана отырып, болашақ ұрпақтың өмір сүру сапасын арттыру үшін жасалатын қадамдарды ақпараттық-танымдық насихаттау бөлігінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы №1725 Қаулысымен құрылған «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» акционерлік қоғамы іске асырып келеді.

2012 жылы 007 «Әлеуметтік сала мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінде энергия үнемдеу жөніндегі іс-шараларды жүргізу» бюджеттік бағдарламасын «Энергия үнемдеу саясатын насихаттау» бөлігінде іске асыру шеңберінде бірнеше бағытта республика ауқымында атқарылуы көзделген көптеген іс-шаралар қаралған. Солардың бірі еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларында орналасқан жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттеріне арнап, тұрмыста энергия үнемдеуге, қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарауға шақыратын семинарлар, лекциялар өткізу болып табылады.

         Үстіміздегі сәуір-мамыр айларында еліміздің 6 өңірінде жастардың қатысуымен аталмыш тақырыпта семинарлар өткізілді. Ақтөбе қаласындағы Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжінде ұйымдастырылған семинарға 20 студент қатысса, Ақтау қаласындағы Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университетінде өткен семинарға 60 студент қатысып, энергия көздерін үнемдеу, қуат көздеріне ұқыптылықпен қарау саласында пікір алмасуға белсенді атсалысты. Бұған қоса, Алматы қаласында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің инженерлік факультетінен 44 студенттің қатысуымен, Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінен 53 студенттің қатысуымен, Қызылорда қаласында Қызылорда агротехникалық колледжінен 24 студенттің қатысуымен және Петропавл қаласында Петропавл құрылыс-экономика колледжінің 37 студентін қатыстыра отырып, семинарлар жүргізілді. Жалпы семинарларға жоғарыда аталған 6 жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан 238 тыңдаушы қатысқандығын атап өткеніміз жөн.

Семинарлар барысында студент жастарға қарапайым күнделікті тұрмыста суды, жылуды, электр энергиясын қалай үнемдеуге болатындығы жөнінде, қандай тұрмыстық техникалар энергия үнемдеуге қолайлы екендігі туралы презентация жасалынды. Семинар барысында жастар тарапынан да соңғы инновациялық технологиялар жөнінде, Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарына қалай қатысуға болатындығы жөнінде, тұрмыста энергия көздерін үнемдеу үшін тұрмыстық техникалардың қандай ерекшеліктеріне баса мән беру қажет екендігі жөнінде көптеген сұрақтар қойылып, жастарымыз бұз өзекті мәселеге бей-жай қарамайтындықтарын көрсетті.

Бір айта кетерлік жайт, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу мақсатында және өткізілетін шаралардағы берілетін ақпараттардың бірізділігін қамтамасыз ету үшін «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ 2011 жылы жастардың энергия тиімділігі туралы білім деңгейін арттыруға арналған әдістемелік құрал әзірлеген болатын. Семинарлар осы әдістемелік құралдың негізінде жүргізілді.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ-ның Білім тарату орталығы өңірлік филиалдардың көмегімен жаңа оқу жылы басталысымен еліміздің басқа да облыс орталықтарындағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарында тағы 10 семинар өткізуді жоспарлап отыр.

Семинарларға қатысқан жастар күнделікті тұрмыста қолданып жүрген жарықты, су мен жылуды өндіру үшін қаншама табиғи қор жұмсалатындығын, соның нәтижесінде еліміздің экологиясына орны толмас зардаптар келетіндігін түсініп, бұдан кейінгі өмірінде ысырапшылдыққа жол бермей, энергия көздеріне ұқыппен қарауға дағдыланса, семинарлар мақсатының орындалғаны деп білеміз.